ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавируспен ауырған науқастың біреуінің жазылып шығуы жақын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов брифингте мәлім еткендей, қазіргі кезде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында төрт емделуші жатыр.
«Бәрінің де жағдайы тұрақты. Соның ішінде бір әйел ауруханадан шығуға дайындалуда. Одан екі рет бақылау сынамасы алынып, коронавирустың жоқтығын көрсетті. Енді комиссия оң шешім қабылдаса, үйінде карантиндік ем алуды жалғастырады», деді Б.Каюпов.
Б.Каюповтың айтуынша, облыста 92 адам стационарлық карантинде жатыр. 3608 адам үйден бақылануда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған екі адамның Өзбекстан азаматы болып шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).