БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, күні бүгін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 131 адам емделуде.
Сонымен қатар, қалалық көпбейінді ауруханада 28 емделуші жатыр. Екі ауруханадағы науқастардың ішінде 11 адамның жағдайы ауыр. Бұл өңірде сырқаттанғандардың күрт көбеюіне байланысты болып отыр.
17 маусымның өзінде облыста 29 науқас (өсім – 2,9 пайыз) тіркелді. Соның 11-і – бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар. 15-інен эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша, тағы 3 адамнан профилактикалық мақсатта сынама алынған.
Бұлардың 24-і – Орал қаласының, үшеуі – Теректі ауданы және бір-бірден Тасқала, Жәнібек аудандарының тұрғындары.
Осылайша өңірде ауырғандар саны 1041-ге жетіп, соның 670-і жазылып шықса, алтауы көз жұмды.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті нақтылағанындай, қазіргі таңда сондай-ақ 47 адам провизорлық, 120 адам карантиндік стационарда жатыр. 743 адам үйлерінде оқшауланған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавируспен ауырғандардың көптігіне байланысты қосымша орындар ашылып жатқанын, жұқпалы аурулар ауруханасының директоры қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.