БҚО-да коронавирус жұқтырғандардың 57 пайыздан астамы - Орал тұрғындары

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандардың 57,1 пайызы Орал қаласында анықталып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жедел штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков «қызыл» аймаққа кірген өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.

А.Қалибековтің сөзіне қарағанда, осы кезге дейін 13878 адам коронавирус жұқтырса, соның 7938-і немесе 57,1 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді.

Жыл басынан бері 4657 адамның сырқаттанғаны анықталды.

Биыл ковидтен 50 адам қайтса, соның ішінде 28-і қаңтарда, 15-і ақпанда, жетеуі наурызда өмірден озды. Олардың 27-сі немесе 53 пайызы – әйелдер, 23-і (46 пайызы) – ер адамдар. 38-і (76 пайызы) қалада, 12-сі (25 пайызы) аудандарда тұрған.

Қайтқандардың 34 пайызы – сексеннен асқандар, 28 пайызы – 40-65 жас, 24 пайызы – 65-80 жас аралығындағылар. 95 пайызының (48-інің) созылмалы сырқаттары болса, соның ішінде 77 пайызы – жүрек-қан тамырлары ауруларына, 12,5 пайызы – қант диабетіне шалдыққандар.

Облыс басшысы Ғ.Есқалиев мектептерде, сондай-ақ автобустарда, қоғамдық тамақтандыру орындарында санитарлық талаптардың сақталуын бақылауды күшейтіп, қажет болған жағдайда карантиндік шараларды қатаңдату керектігін атап көрсетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір аптада 413 адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.