БҚО-да коронавирус жұқтырғандардың 97 пайызы – вакцина алмағандар
БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен жедел штаб отырысында мәлім еткеніндей, соның 97 пайызы (29 323-і) – екпе алмағандар.
А.Қалибековтің сөзіне қарағанда, облыста күні бүгінге дейін 224 304 адам КВИ-ге қарсы егілудің толық курсынан өтті. Вакцина алғандар арасында ауырғандар үлесі – 0,4 пайыз. Бұл коронавируспен күресте вакцинациялаудың тиімділігін көрсетеді.
Қазіргі кезде Pfizer вакцинасымен 12-17 жасар жасөспірімдер және жүкті, бала емізетін әйелдерді егуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
А.Қалибековтің айтуынша, өңірде осы кезге дейін тіркелген 39 418 науқастың 91,7 пайызы (36 179-ы) жазылып шықты. Солардың 14 904-і инфекциялық стационарларда емделсе, 21 275-і амбулаторлық ем алды.
«Күні бүгін 851 төсектік 16 стационарда 127 науқас орналастырылған, толымдылығы – 14,9 пайыз. Күн сайын орта есеппен стационарларға 10-15 пациент түседі. Осы аптада облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында тағы 20 төсек саны қысқартылды. Жансақтау бөлімінде 9 науқас жатыр, толымдылығы – 10,2 пайыз. Соның ішінде алтауы инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына, үшеуі оттегі концентраторына қосылған», деді А.Қалибеков.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы аптада 6 адамның коронавирустан көз жұмғанын жазған болатынбыз.