ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандардың тең жартысына жуығы Оралда анықталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соңғы төрт күнде облыста 387 адамнан вирус табылса, соның 280-інде ауру белгілері бар, 107-сі - симптомы жоқтар.
Ауырғандардың 227-сі ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген. 118-і бұрын коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған. 38-і профилактикалық мақсатта қаралса, төртеуінен стационарға жатқызар алдында сынама алынған.
Төрт тәулікте тіркелген 387 адамның 187-сі Орал қаласы, сондай-ақ 71-і Бәйтерек, 45-і Бөрлі, 22-сі Тасқала, 20-сы Теректі ауданының үлесіне тиеді.
«Індет басталғалы бері өңірде барлығы 21890 науқас тіркеліп, соның 16947-сі жазылып шықты. 324 адам көз жұмды. Облыс қызыл аймақта тұрғандықтан, карантиндік шектеу шаралары жалғасуда. Мониторингтік топтар да жұмыс жасауда», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 250 мұғалімнен коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).