ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тағы 10 адам коронавирустан емделіп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін елімізде індеттен 62 адам сауыққанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Оның ішінде БҚО-дан 10 науқас бар.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың айтуынша, олардың төртеуі – Тасқала ауданының, екеуі – Орал қаласының тұрғындары.
Сондай-ақ Түркістан облысынан - 2, Қызылорда мен Ақтөбеден бір-бір адамнан бар.
«Енді емделіп шыққандар үй карантинінде болады. Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе тұрғындары елдеріне таксимен жетеді. Ауруханада қалған науқастардың жағдайы жеңіл және орташа халде», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Ахметова.
Осылайша БҚО-да емделіп шыққандар саны 96-ға жетті.
Еске сала кетейік, БҚО-да коронавирус жұқтырудың соңғы жағдайлары Теңіз кен орнынан келген алты адамнан анықталған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).