ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында көршілес өңірлермен шекарада блок-посттар жұмыс істеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен алынған мәліметке қарағанда, Ақтөбе және Атырау облыстарымен шекараларда блок-посттар 21 наурыздан бастап қойылды.
Санитарлық блок-посттар БҚО-ның Шыңғырлау ауданы мен Ақтөбе, және де Ақжайық ауданы мен Атырау облысының шекарасында тұр. Оларда тәулік бойы полиция және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмыс істеп, сауалнама жүргізуде.
Күні бүгінге дейін Ақжайық блок-постында 321, Шыңғырлауда 1058 азаматтан сауалнама алынды.
Блок-посттардан өткен жолаушылардың барлығында денсаулық жағдайына шағымдары болған жоқ.
Жұмыс жалғасуда.
Қазіргі уақытта облыс бойынша шет елден келген 125 адам бақылануда. Соның ішінде 1 «а» санатына жататын 15 адам карантинде жатыр. Сондай-ақ 1 «б» санатында 109 адам үй карантинінде. 2-санатқа жататын бір адам үйінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да вирус туралы жалған видео таратқан ер адам кешірім сұрағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).