ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов ауданының №2 соты азамат А-ға қатысты ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлігімен (қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) қозғалған іске нүкте қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, аталған тұрғын масаң күйінде өзінің көршісі Н-мен сөзге келген. Жанжал кезінде бір-біріне балағат сөздер айтып, айыпталушы пышақпен жәбірленушінің кеудесінен және иығынан ұрып жіберген. Сөйтіп денесіне ауыр зақым келтірген.
Сот отырысында сотталушы мен прокурор арасында процессуалды келісім жасалды.
Сот үкімімен А. ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, оның 3 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді.
Үкім заңды күшіне енді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).