БҚО-да қос ауыл тұрғындары Оралға аспалы көпір арқылы қатынай бастады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданы Макаров ауылдық округіне қарасты Садовый және Мичурин округі Зеленый ауылының тұрғындары Орал қаласына Шаған өзені арқылы аспалы көпірмен қатынай бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кеше қос көпірдің ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев осыған дейін аталмыш ауыл тұрғындарының облыс орталығына айналма жолмен барып немесе ескі пароммен қатынап, қиындық көргенін, енді мұның бәрі артта қалғанын жеткізді.
 

Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Арман Жұмабековтің айтуынша, Зеленый ауылымен жалғастыратын көпірдің ұзындығы 114 метр, ені 1,52 метр. Оған 55 млн. 588,415 мың теңге бөлінген болатын. Садовыймен байланыстыратын көпірдің ұзындығы 110 метр, ені 1,52 метр. Бұған 36 млн. 057,886 мың теңге жұмсалды. Қос көпірді де «Уральскстройинвест» ЖШС өткен жылғы күзде бастап, қысқа мерзімде салып бітірді. Металдан жасалған, қатты әрі қалың арқандармен тартылған екі аспалы көпір қырық бес тоннаға дейін салмақты көтере алады. Оған қоса өзеннің қос жағалауына зәкірмен мықтап бекітілген, ең бастысы, адамдар емін-еркін өте алады.

Айта кетейік, екі аспалы көпірге дейін жаяу жүргіншілер үшін шағын көпір де салынған. Зеленый мен Мичурин бағытындағы шағын көпірдің ұзындығы 344 метр. Ал Садовый мен Асан бағытындағы шағын көпірдің ұзындығы 52 метр.
 

«Шыны керек, осы кезге дейін аспалы көпірдің жоқтығынан көп қиындық көріп келдік. Ескі паром өз алдына, кейде мұз үстімен жүруге тура келетін. Қайғылы оқиғалар болмай қалған жоқ. Өзіміз де суға кетіп қала жаздадық. Сондықтан қуанышымыз шексіз», деді Садовый ауылының тұрғыны Мәруа Жұмахметова.