ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қос автокөлік соқтығысып, 9 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін түс шамасында Сырым ауданы аумағында болды.
Сағат 13.15-те Жымпиты ауылынан Ақтөбеге қарай 15-20 шақырым жерде «Тойота Камри» және «КИА Соренто» автокөліктерінің түйіскені жөнінде хабар түскен.
Аудандық орталық ауруханаға 9 адам жеткізілсе, соның екеуі - кәмелетке толмағандар. Олар қаралу үстінде.
Осы оқиғаға орай ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).