ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қойма өртеніп, 45 тоннадай жаздық бидай жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 13 қараша күні сағат 21.24-те Бәйтерек ауданы Переметный ауылында болды.
Фрунзе көшесіндегі «Калининское» ЖШС аумағында жеке тұрған қойма өртенді.
Соның салдарынан шамамен 45 тонна жаздық бидай, 15 тонна тары, 16 тонна арпа және 30 тонна құмай (шөп) жанып кетті.
Сондай-ақ дән тиегіш те өрт ішінде қалды. Ішінара төбе құлады.
Аумағы 600 шаршы метрді қамтыған өрт 22.29-да оқшауланып, 00.01-де ауыздықталды.
Өртті сөндіруге 24-өрт сөндіру бөлімінен 7 қызметкер, 2 техника, ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 15 қызметкер, 2 техника жұмылдырылды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын көлемі анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).