БҚО-да кірпіш зауытының жұмысы неліктен тоқтап қалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Рубежин ауылында кірпіш зауытының жұмыс істемей тұрғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.

Фото: видеодан алынған скрин

Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, кірпіш зауыты өткен жылғы 5 қарашада жабылған. Содан бері алты айдан астам уақыт бойы адамдар жұмыссыз отыр.

- Ауылда басқа мұндай өндіріс орны жоқ. Орал қаласына барып жұмыс істеуге таксимен барып келу үшін 2 мың теңге керек, түскі тамағы тағы бар. Үш жыл бойы үнемі тексерудің салдарынан зауыт жұмыс жасай алмай отыр. Кәсіпорында барлық рұқсат құжаттары бар. Сондықтан зауыттың ашылуын талап етеміз, - дейді тұрғындар.

Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Бәйтерек ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдады.

Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, «134» ЖШС Рубежин ауылындағы ескі зауытта керамикалық кірпіш өндірумен айналысқан. Өнім көлемі мен сапасын арттыру мақсатында кәсіпорын инвестициялық жобаны жүзеге асыруды, атап айтқанда, жылына 30 млн дана кірпіш өндіретін жаңа зауыт құрылысын қолға алды.

Зауыттың үздіксіз жұмыс істеуі үшін саз балшық қоры бар тиісті шикізат базасы керек болды. Зеленов (қазіргі Бәйтерек) ауданы әкімдігінің 2007 жылғы 26 қарашадағы № 490 және БҚО әкімдігінің 2007 жылғы 4 мамырдағы № 127 қаулысымен кәсіпорынға 13,4 га жер телімі берілді. Бұл жер елді мекендер жері санатына жатады. Саз балшық мерзімі 2035 жылы бітетін келісім-шартқа сәйкес өндірілді.

Облыс пен ауданның мемлекеттік органдары құрылыс кезінде «Даму» қоры арқылы несие алуды рәсімдеу, шетелдік мамандардың келуіне рұқсат алуға байланысты қолдау көрсетті.

2021 жылы зауыт құрылысы аяқталып, керамикалық кірпіш өндіруге кірісті. Жұмысқа Рубежин ауылының тұрғындары тартылып, олардың саны 51 адамға жетті.

Әкімдік мәліметі бойынша зауыт жұмыс жасаған бір жылдан кейін В.Анюточкин мен А.Қалиевадан құралған «бастамашыл топ» республика, облыс және ауданның мемлекеттік органдарына шағымдануды бастады. Шағымда кәсіпорынның ерекше қорғалатын аумақта орналасқан карьерде саз балшықты заңсыз өндіріп жатқаны жазылды. Аталған жерлерге Кирсанов мемлекеттік табиғи қорықшасының құжаты дайындалған 2010 жылы ерекше қорғалатын аумақ мәртебесі берілген. Ал «134» ЖШС жерді одан бұрын, 2008 жылы жалға алған болатын.

- Аталған екі адам үш жыл бойы зауыттың қалыпты қызметіне кедергі жасап келеді. Сол шағымдар бойынша толастамайтын тексерулердің салдарынан зауыт басшылығы 2026 жылғы 1 мамырдан бастап жұмысты тоқтату туралы шешім қабылдады. Қызметкерлер ақысы төленбейтін демалысқа жіберілді. Бір бөлігі қаладан еңбек орнын тауып, отбасын асырау үшін қызметтен кетуге мәжбүр болды. Қазіргі таңда Бәйтерек ауданы әкімдігі БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп «134» ЖШС-ға саз балшық қоры бар жаңа шикізат базасын беру бағытында жұмыстар жүргізуде. Мұндай талаптарға сай келетін жер «Жайықмұнай» жеке компаниясының аумағында белгіленді, рұқсат құжаттарын рәсімдеу қосымша уақытты қажет етеді. Қазіргі кезде қажетті құжаттар келісілуде. Аталған жағдай Бәйтерек ауданы әкімінің бақылауында, - делінген ресми жауапта.

«134» ЖШС директоры әрі құрылтайшысы Иван Лазовский бірнеше жыл бойы аталған екі адамның шағымдарына жауап берумен шаршағанын, сол себепті зауыттың жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да табылған медициналық қалдықтардың жай-жапсары белгілі болғанын жазған едік.