ОРАЛ. KAZINFORM — Бұдан бұрын хабарланғанындай, Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында жоғалып кеткен кішкентай қыз бір күннен кейін табылған болатын. БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қылмысқа күдікті ретінде 32 жастағы тұрғын ұсталды.
— Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралуда, — деп хабарлады ведомстводан.
Департаменттің баспасөз қызметі күдіктіге қандай бап бойынша айып тағылғаны жөнінде мәлімет бермеді.
Дегенмен БҚО прокуратурасының 22 қазан күні өткен кеңейтілген алқа отырысында Тасқала ауданындағы аталмыш оқиға бойынша кішкентай қыздың зорланғаны жөнінде дерек айтылып, тарап кеткен болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жоғалып кеткен қыз табылып, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).