БҚО-да қуаты 12 мегаватт болатын жаңа жылу электр турбинасы іске қосылды

Фото: Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы жылу электр орталығында қуаты 12 мегаватт болатын жаңа №1 турбина пайдалануға берілді. 

Тозығы жеткен турбина бұған дейін 10 жыл бойы жарамсыз күйде тұрған. Оның орнына 3,2 миллиард теңгеге жаңасы сатып алынып, іске қосылды. 

Қазіргі уақытта жылу электр орталығындағы өндіріс 46 МВт-ты құрайды. Жаңа турбинаның арқасында өндірілетін электр энергиясының қуаты 12 МВт-қа артады. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндеттің бірі екенін атап өткен болатын. Облысымызда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Кейінгі 10 жыл ішінде электр қуатын тұтыну көлемі 30%-ға өсті. Осы орайда энергия қуаттылығын арттырудың маңызы жоғары екенін айта кеткен жөн. Бүгінгі іске қосқан жаңа турбина тұрғындарымызға берілетін электр энергиясының мөлшерін арттыруға ықпал етеді,- деді Нариман Төреғалиұлы.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Айта кету керек, кейінгі екі жылдың өзінде жылу-энергетика саласын жаңғырту мақсатында бюджеттен 15,6 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Соған орай бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Атап айтқанда, насостық стансадағы тарату құрылғысы, градирня, жаңа қазандық, №2 және №5 жылу магистралін қайта жаңғырту, сондай-ақ Зашаған кентіндегі жаңа қазандықтың құрылысы жанданды. 

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар Жапонияның әйгілі «Hitachi» турбинасына жөндеу жұмыстары басталды. Бұл – екіжақты келіссөздердің оң нәтижесі. 

2035 жылға дейінгі аралықты қамтитын, 32 жобадан тұратын жол картасы бекітілген болатын. Онда қысқа мерзімді — жалпы құны 33,9 млрд теңгеге 6 жоба; орта мерзімді — 117,7 млрд теңгеге 12 жоба; ұзақ мерзімді — 135,1 млрд теңгеге 13 жоба қарастырылған.

Қазіргі таңда қысқа мерзімде іске асырылуы тиіс жобалар дайын. Олар: Орал қаласы мен Зашаған кентіндегі №1 және №2 қазандықтардың жылу желілерін жаңарту, 6 және 7-жылу магистралдерін қайта құру, Құрылысшы және Солтүстік-Шығыс шағынаудандарындағы ішкі жылу желілерін ауыстыру жобалары. Сонымен қатар жылу электр орталығындағы №3 турбоагрегат, үш жылу магистралі мен үш энергетикалық қазандықты жаңарту жобалары да әзірленіп жатыр. 

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында 1 000-ға жуық адамды жұмыспен қамтитын зауыт құрылысы басталғанын жазған едік.