БҚО-да құны 75 млн теңгеден асатын жер мемлекет меншігіне қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының прокуратурасы жалпы ауданы 6 200 гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімсіз пайдалану фактілерін анықтады.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ауданның жер пайдаланушылары жер заңнамасының талаптарын бұза отырып, ұзақ уақыт бойы жер учаскелерін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаған. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жалпы ауданы 6 200 гектардан астам, кадастрлық құны 75 млн теңгеден асатын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бас прокуратура мәліметінше, қазіргі уақытта аталған жер учаскелері заңды экономикалық айналымға енгізіліп жатыр.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес қайтарылған жерлерді ауылдық жерлерде тұратын адал ниетті субъектілерге пайдалануға беруге бағдарланған.

Айта кетейік, елімізде пайдаланылмай жатқан және заң талаптарына сәйкес келмейтін 1 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Жетісу облысында пайдаланылмай жатқан 200 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды.