Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Батыс Қазақстан облысының қызметкерлері жедел ақпаратты тексеру кезінде облыс орталығындағы сауда үйінің маңында арнайы техникалық құралдарды заңсыз сатып жүрген қаланың 39 жастағы тұрғынын құрықтады. Тінтіп, тексеру барысында одан жасырын ақпаратты жазып алуға арналған камера мен аудио-бейне жадылары енгізілген 3 қалам және 4 салпыншақ (брелок) тәркіленді»,-деп тоқталды ресми өкіл.
Оның сөзіне қарағанда, ҚР Қылмыстық кодексінің 143-бабы, 3-бөлігі бойынша яғни, арнайы техникалық құралдарды заңсыз сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.
Н. Ораздың айтуынша, аталған құралдарды заңсыз сатқаны үшін 500-ден 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.