БҚО-да құрылысы ұзаққа созылған 7 әлеуметтік нысанның біреуі ғана пайдалануға берілді

Батыс Қазақстан облысында құрылысы ұзаққа созылған 7 әлеуметтік нысанның біреуі ғана пайдалануға берілді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Pixabay

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуровтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, өңірде құрылыс пен жөндеуге жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенімен, көптеген аяқталмаған нысандар бар.

Оның сөзіне қарағанда, агенттік төрағасы Асхат Жұмағали Мемлекет басшысына есеп берген кезде республика бойынша «ұзақ мерзімді құрылыс» санатына енген 156 проблемалық әлеуметтік нысан бар екенін атап өтсе, соның жетеуі Батыс Қазақстан облысында орналасқан.

«Атап айтқанда, Орал жылу-қуат орталығын қайта жаңарту, қаланың солтүстік-шығыс бөлігін сумен қамтуға арналған сорғы стансасын салу, Теректі ауданы Жаңаөмір ауылында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, Қаратөбе ауданы Шалғын ауылында 60 орындық, Казталов ауданы орталығында 600 орындық мектеп құрылысы, Барбастау-Ақжайық-Индер автожолын қайта жаңарту, Теректі-Ақсай жолын орташа жөндеу секілді нысандар. Осылардың ішінде «Әділдік жолы» РҚБ-мен бірлескен шаралар нәтижесінде Казталов ауылындағы мектеп салынып бітті. Деппартамент әлеуметтік сипаттағы барлық нысандарға іске қосылғанға дейін тұрақты түрде мониторинг жүргізе беретін болады», - деді Әділхан Бәделханұлы.

Департамент басшысының айтуынша, агенттік биыл Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген.

Соның нәтижесінде аталған салада облыста 131 млн астам теңге бюджет қаражатын жымқыру белгілері бар деректер анықталып, оларды өтеу жөнінде шаралар қабылданды.

«БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысымен жергілікті атқарушы органдар Теректі ауданы Юбилейный ауылында 234 жер телімін сумен қамтамасыз етті. Сол секілді Теректі ауданы әкімдігінің 1014 азаматқа газ және электрмен жабдықталмаған жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер бергені белгілі болды. Департаменттің ұсынысымен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, коммуникациялар жүргізу жұмыстары басталды. Оған қоса әкімдіктің жерді жалға беруден (ұзартудан) бас тарту туралы, кейіннен жер пайдаланушылардың пайдасына жаңа құқықтық актілер шығарудан бас тарту туралы 9 қаулысының күші жойылды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша департамент 8,2 млн теңге сомасына негізсіз төленген салық төлемдері мен мемлекеттік баждарды қайтару жөнінде шаралар қабылдау арқылы мыңнан астам мүгедектің құқығын қорғады», - деді Ә.Сабуров.