НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында құс фабрикасында өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 20 тамыз күні Бәйтерек ауданы Щапов ауылында болды.
«Сағат 12:20-да ауыл маңында орналасқан құс фабрикасының цехы жанып жатқаны жөнінде хабар түсті. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға 21 адам (5 техника) жұмылдырылды. Өрт сағат 14:13-те толықтай жойылды. Өрт салдарынан жалпы аумағы шамамен 1 875 шаршы метр құсқа арналып салынған цех түгелдей жанып кетті. Адамдар аман. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жел аудандық сот ғимаратының шатырын ұшырып әкеткенін, 2 тұрғын үйдің қорасымен бірге өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).