ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында күшті жел шаруашылық құрылысының шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 20 маусым күні сағат 21.30-да Бөрлі ауданы Бумакөл ауылында болды.
«Екпіні секундына 23 метрге дейін жеткен қатты жел салдарынан ауыл шетінде орналасқан «Бижанов» шаруа қожалығына тиесілі қораның 120 шаршы метр шатырын сыпырылып түсті. Құрылыстың құжаты жоқ, жалпы ауданы - 300 шаршы метр. Қабырғасы саман тастан қаланған, төбесі профлиспен жабылған. Зардап шеккендер жоқ», деп хабарлады ведомстводан.
Кеше Орал қаласында да күшті жел тұрып, селдетіп нөсер жауып өтті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тұрмыстық техника тиелген жүк көлігі жанып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).