БҚО-да күшті жел бірнеше ғимараттың шатырын жұлып әкетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында күшті жел бірнеше ғимараттың шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің аға инженері Индира Өтешеваның айтуынша, оқыс оқиға 12 сәуір күні Жәнібек және Тасқала аудандарында орын алды.

Жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жеткен қатты желдің салдарынан Жәнібекте екі, Тасқалада бір ғимараттың шатыры ұшты.

Зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары, келтірілген шығын анықталу үстінде.

БҚО ТЖ департаменті ауа райына байланысты ескерту жарияланған кезде тұрғындардың сақ болу қажеттігін ескертеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында жел күшейіп, тұман түсетінін жазған болатынбыз.

Кеше кештен бастап Орал қаласында да жел күшейіп, қар жауды.