БҚО-да күшті жел мәдениет үйінің шатырын жұлып әкетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 3 маусым күні сағат 15.30-да күшті жел Сырым ауданы Аралтөбе ауылындағы екі қабатты мәдениет үйінің жалпы алаңы 250 шаршы метр шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сол күні сағат 16.50-де осы ауданның Бұлан ауылында 24 шаршы метр шаруашылық құрылысы мен гараждың төбесі де сондай күйге ұшыраған.

Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы Ерлан Сәрсеновтің айтуынша, зардап шеккендер жоқ. Мәдениет үйінің төбесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады.

Еске сала кетейік, өңірде желдің күшейетіні жөнінде БҚО ТЖ департаменті 29 мамырдан бастап бірнеше рет ескерту жариялаған болатын.