ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында күшті жел мектеп пен клубтың шатырын жұлып кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, 5 ақпан күні сағат 09.08-де Зеленов ауданы Белес ауылында Мектеп көшесі, 15-мекенжайында орналасқан мектеп-балабақша кешені ғимаратының 120 шаршы метр шатыры құлағаны жөнінде хабар түскен. Ғимараттың жалпы ауданы - 3061 шаршы метр.
Сол секілді сағат 13.30-да Зеленов ауданы Новенький ауылында Пионер көшесі, 9-мекенжайында клубтың да 114 шаршы метрді құраған шатыры ұшып кеткен.
Екі оқиға бойынша да зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс жасауда.
Айта кетейік, өңірде 4-5 ақпан күндері күшті жел тұрып, бұрқасын көтерілетіні жөнінде БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялаған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).