ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында күшті жел мектептің шатырын жұлып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 24 ақпан күні Тасқала ауданы Мерей ауылында болды.
Секундына 18 метрге дейін жеткен желдің екпінінен мектептің 600 шаршы метр шатыры ұшып кеткен. Ғимараттың жалпы ауданы – 700 шаршы метр.
1977 жылы салынған ғимарат 2015 жылы күрделі жөндеуден өткізілген.
Зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнында жергілікті атқарушы органның комиссиясы жұмыс істеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қатты аязға байланысты Оралда 1-9 сынып оқушылары қашықтан оқитынын, БҚО-да 14 елді мекеннің жарықсыз қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).