ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында күшті жел салдарынан ағаш автокөлікке құлап, үйдің шатыры ұшты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 29 шілде күні сағат 15.54-те Орал қаласында Гагарин көшесі 2/5-мекенжайында ағаш автокөлікті басып қалған.
Хабарлама түскен кезде жүргізуші автокөліктен шыға алмай отырған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар ағашты кесіп, автокөлікті босатты. Жұмыс сағат 16.40-та аяқталды.
«Сондай-ақ бүгін Теректі ауданы Подстепный ауылында сағат 17.00-де екпіні секундына 13 метрге дейін жеткен жел бір қабатты төрт пәтерлік үйдің шатырын (50 шаршы метр) жұлып түсірді. Орал көшесі 15-мекенжайда орналасқан үйдің жалпы ауданы – 180 шаршы метр. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады ведомстводан.
Орал қаласы тұрғындарының сөзіне қарағанда, бірнеше көшеде ағаштар құлап, қолайсыздық тудырған және автокөліктерге зақым келтірген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).