ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО-да күшті желдің салдарынан ағаштар құлап, электр желілері үзілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанованың айтуынша, кеше сағат 21.30-23.00 аралығында 112 телефонына бес рет қоңырау шалынған.
Сағат 21.00-де Оралда Еуразия мен Достық даңғылдарының қиылысында жолға ағаш құлады. 22.04-те Еуразия даңғылындағы 27-мектепке қарсы бетке жолға тағы бір ағаш құлады. 22.05-те Зеленов ауданы Мичурин ауылы мен қаладағы 2-жұмысшы кентінде электр жарығы өшіп қалды. Жағдай сағат 23.05-те қалпына келтірілді.
Сондай-ақ, Әбубәкір Кердері мен Деповская көшелерінде жарық өшіп, электр желісіне ағаш құлады. Бұл оқиғалардан ешкім зардап шеккен жоқ.
Еске сала кетейік, 25-26 мамыр күндері желдің күшейетіні ескерту жарияланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).