ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында күшті желден тағы бір нысанның шатыры ұшып кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кеше сағат 15.00-де Шыңғырлау ауданы орталығы Шыңғырлау ауылында А.Құнанбаев көшесіндегі қос қабатты мектеп ғимараты спорт залының шатыры құлаған. Аумағы 250 шаршы метрді құраған. Желдің екпіні секундына 19 метрге дейін жеткен.
Зардап шеккендер жоқ.
Еске сала кетейік, кеше сондай-ақ сағат 20.45 шамасында Қаратөбе ауылында Қ.Жұмалиев көшесіндегі жеке моншаның шатыры ұшқан болатын.
Қазіргі кезде екі оқиға бойынша да арнайы комиссия жұмыс жасауда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).