ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қырықтан астам қойды қасқыр қырып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жас дәурен» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Досановтың айтуынша, тосын оқиға Сырым ауданы Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты Аңқаты ауылы маңында орын алды.
«6 қараша күні кешкісін жайылымда жүрген қойлар аман еді. Шамасы, қасқыр малды үркітіп, айдап кеткен секілді. Ертеңіне барып қарағанда, 60 бас қойдың 41-ін қасқыр жеген, жарып тастаған. Таланғандары да бар. Соның 8-і пышаққа ілінді. Тоқтыларды тапсырып жіберіп едім, бәрі де саулық қойлар еді. 19-ы ғана аман қалды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Досанов.
Айта кетейік, бұл - әзірге бірінші оқиға. Қасқырдың малға шабуы қысқа қарай көбейетіні белгілі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).