ОРАЛ. ҚазАқпарат - 8 қаңтар күні Қаратөбе ауданы Сулыкөл ауылдық округіне қарасты Төлен ауылының тұрғындары «УАЗ» және трактор көліктерімен мал іздеуге шыққан.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сол күні ауа райы бұзылып, боран соққандықтан әрі жанар-жағар майлары таусылғандықтан, адамдар жолда қалады. Абырой болғанда, зардап шегушілердің бірі елді мекенге жетіп, жолдастарының қиын жағдайда қалғандығын хабарлайды.
БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағынан он адам, екі техника, ізшіл итімен жетіп, іздестіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде жоғалған алты тұрғын 9 қаңтар күні Төлен ауылынан жеті шақырым жерден табылды. Олардың жағдайы жаман емес, құтқарушыларға алғысын білдірді.
Іздестіру жұмыстарына сондай-ақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімі (2 адам, 1 техника), аудандық ішкі істер бөлімі (4 адам, 1 техника), жергілікті атқарушы органдар (2 адам, 1 техника), ауыл тұрғындары (4 адам, 2 техника) жұмылдырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).