БҚО-да мал іздеуге шыққан жасөспірім адасып кетті
19:53, 26 Наурыз 2021
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында мал іздеуге шыққан жасөспірім адасып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Ақжайық ауданы Қурайлысай ауылдық округінде болды.
25 наурыз күні сағат 11.00-де Әтібек елді мекенінің тұрғындары 2004 жылғы жасөспірім мен 1972 жылғы ер адам аттарымен мал іздеуге екі бағытқа шыққан.
Бүгін сағат 01.20-да жасөспірімнің үйіне оралмағаны жөнінде хабар түскен.
Жедел құтқару жасағынан 6 адам «Трэкол» техникасымен шұғыл жолға шықты. Құтқарушылардың көмегімен сағат 13.31-де аталған жасөспірім Әжібай қыстағынан аман-есен табылды. Ол медициналық көмекті қажетсінген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда су шайып кеткен облыстық жол жабылғанын жазған болатынбыз.