БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ауыл шаруашылығы малдары мен олардың төлдерін бірдейлендіру жұмысының уақтылы жүргізілмейтіні, ауру мал таңбаларының малдәрігерлік станса қызметкерлеріне берілмей, мал сою орындарында жойылатыны анықталды.
Мал дәрігерлері өз уақытын үнемдеу үшін алдымен ірі шаруашылықтардағы малдарды егеді де, ұсақ шаруашылықтар мен тұрғындардың жеке иелігіндегі малдар толық қамтылмай қалады. Үй жануарларын егу кезінде жалған акті толтыру деректері белгілі болды.
Мысалы, Бөрлі ауданында осындай 324-тен астам дерек анықталған. Жалған акті толтыру деректері Шыңғырлау, Жәнібек, Сырым, Ақжайық, Қаратөбе, Жаңақала, Теректі және Бөкей ордасы ауданында да орын алған.
Малды уақтылы ектірмеу Бөкей ордасы ауданында олардың қауіпті дертке шалдығуына соқтырды. Оған қоса Ақжайық, Зеленов, Бөкей ордасы аудандарында ауру малды союға тапсырудан жалтарушылар да кездескен, мұның адамдар мен жануарлардың өміріне қауіп төндіретіні белгілі.
Мал молаларын заң талаптарына сәйкестіндіру де шешілмей келеді.
Осы анықталған заңбұзушылықтарды жою бағытында прокуратура органдары прокурорлық ықпал ету актілерін, соның ішінде БҚО әкімі атына ұсыныс енгізді.