БҚО-да Мәжіліс депутаттары тұрғындардың ұсыныс-тілектері ескерілетінін жеткізді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары Гүлжан Қарағұсова, Татьяна Яковлева және Аманжан Жамалов БҚО-ға жұмыс сапары кезінде Зеленов ауданы активімен, сондай-ақ Орал қаласында «Квант» ЖШС ұжымымен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.


Депутаттар Зеленов ауданы орталығы Переметный ауылындағы Достық үйінде болып, осындағы этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысты. Сан ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, еңбек ететін ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігіне қанықты.

Актив жиынында аудан әкімі Кәрім Жақыпов астықты әрі өндірісті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланған 2016 жылдың аудан үшін аса табысты болғандығын, Елбасы тапсырмасына сәйкес алда тұрған мақсат-міндеттердің одан да ауқымды екендігін жеткізді.


Мәжіліс депутаттары Елбасы бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы әңгімелеп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Депутаттар Г.Қарағұсова, А.Жамалов, Т.Яковлева сондай-ақ өңірге танымал жиһаз шығарумен айналысатын «Квант» ЖШС қызметкерлерімен кездесіп, олардың да ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.


«Квант» ЖШС директоры Михаил Пшеничныйдың айтуынша, еліміз тәуелсіздік алған жылы құрылған серіктестікте қазіргі таңда 1200-дей адам еңбек етеді. Басты мақсат - кәсіпорында озық технология негізінде өндіріс және сауда орындарын кеңейтумен бірге жаңа жұмыс орындарын ашу. «Квант» - «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының шапағатын көрген кәсіпорынның бірі. Мұнда алдымен 390 млн. теңгеге корпустық жиһаз үшін матрастар мен пенополиуретан өндірісі жолға қойылған болатын. Содан кейін индустрияландыру картасы аясында құны 1,1 млрд. теңге тұратын жиһаз фабрикасын ашу қолға алынды. Мұнда жатын, ас үй және балалар гарнитурлары, басқа да түрлі жиһаздар шығарылады. Енді аумағы 10 мың шаршы метр ағаш өңдеу цехын ашу ойластырылуда. Негізінен бірден сериялы түрде құрастырылатын өнімдер еліміз қалаларына жөнелтіледі. Осы орайда кедергілер де жоқ емес. Мысалы, жол бойында түрлі мекемелер салатын айыппұл көлемі қомақты болып шыға келеді. Міне, осындай жағдайлар заң жолымен реттелсе екен.


Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың атап өткеніндей, Елбасымыз шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетумен бірге олар өндіретін өнім көлемін көбейту міндетін қойғаны белгілі. Егер ел экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерлік үлесі молайса, түсетін салық та артады. Ең бастысы, кәсіпорындар жаңа технология негізінде өндіріс тұрақтылығы мен өз жұмыс әлеуетін сақтай отырып, халыққа қажетті, сапалы өнім өндіруге бағыт ұстауы тиіс. «Аудандар мен Орал қаласындағы кездесулер кезінде айтылған құнды ұсыныс-пікірлер Үкіметке дейін жеткізіліп, жұмыс барысында ескерілетін болады», - деді А.Жамалов.