ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тағы екі тұрғын коронавирустан жазылып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың айтуынша, олардың біреуі – медицина қызметкері.
Екіншісі – Бәйтерек ауданы Переметный ауылының тұрғыны. Бұл әйел Мәскеуден келген кезде ауру жұқтырғаны анықталған болатын.
«Екеуінің де бақылау сынамалары теріс нәтиже көрсетті. Жағдайлары қанағаттанарлық. Ауруханада қалған 117 науқас емдерін жалғастыруда. Олардың жағдайы әртүрлі, біреулерінде ауру жеңіл өтіп жатса, қалғандарынікі орташа ауыр халде. Соның ішінде бұдан бұрын жансақтау бөлімінде болған әйелдің жағдайы жақсарып, бөлімшеге шығарылды», деді Н.Ахметова.
Осылайша Батыс Қазақстанда емделіп шыққандар саны 9-ға жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір күнде 2 медицина қызметкерінен, сондай-ақ Атыраудан келген жұмысшыдан коронавирус табылғанын жазған болатынбыз.
Өңірде ауырғандар саны 126-ға жетсе, соның 12-сі – медицина қызметкерлері.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).