ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәнібек ауданы прокуратурасы барлық білім ордасы оқушылары арасында жүргізген сауалнама нәтижесінде Т.Жароков, Ғ.Абдуллин атындағы, №1 және Ұзынкөл орта мектептерінде ақша бопсалау деректері анықталды, хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кәмелетке толмағандар арасында зорлық-зомбылық пен өзіне-өзі қол жұмсауға дейінгі жағдайға жол бермеу үшін ақпараттық хат аудандық ішкі істер бөліміне жіберілген.
Тексеру нәтижесінде Ғ.Абдуллин атындағы орта мектеп ғимаратында 7 оқушыға қатысты ақша бопсалау дерегі белгілі болып, жолы кесілген. Мұндай қадамға барған жасөспірім ақталмайтын негізде қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Есесіне оның ата-анасы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 127-бабына сәйкес әкімшілік жауапершілікке тартылды. Оған қоса аудан прокуратурасының ұсынысына сәйкес аталмыш мектептің директор бастаған алты бірдей педагогикалық қызметкеріне қатысты түрлі тәртіптік шара қолданылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).