БҚО-да мектептердің уақтылы салынуына жауапсыз мердігерлер кедергі келтіріп отыр
Батыс Қазақстан облысында биылға жоспарланған мектептер құрылысы уақытымен біте ме? Кейбір нысандардың кешеуілдеу себебі неде? Осыған орай БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашевпен Kazinform тілшісі әңгімелескен еді.
– Нұркен Еділұлы, облыста үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін қалай шешіп жатсыздар?
– Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында 9 үш ауысымды және апатты жағдайдағы 12 мектеп бар. Міне, осы өзекті мәселені шешу бағытында биыл барлығы 27 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Тарқатып айтсақ, соның 3-еуі ауыспалы, 15-і шағын жинақты, 9-ы – жайлы мектептер.
Алдымен ауыспалы мектептерге тоқталсақ, Казталов ауданы Жұлдыз ауылындағы 108 орындық мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Казталов ауданы Казталов ауылында 600 орындық Алма Оразбаева атындағы мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Келісім-шарт құны – 2 754,3 млн теңге. Бұл нысанды 1, 2 қарашада пайдалануға беру көзделіп отыр.
Оған қоса 2022 жылы төтенше жағдайлар желісі бойынша Қаратөбе ауданы Шалғын ауылында 60 орындық шағын жинақты мектеп құрылысы басталған еді. Мұндағы келісім-шарт құны 766,8 млн теңге болатын. Алайда биылғы жылы мердігер ұйым «Жиенбай» ЖШС-мен келісім-шарт бұзылды.
– Сөзіңіз аузыңызда, осы үш мектеп те «сақалды» құрылысқа айналып, «жыры» бірнеше жылға созылды. Мұның себебі неде? Міндеттемелерін орындамаған мердігер ұйымдарға қандай шара қолданылып жатыр?
– Иә, уәжіңіз орынды, Жұлдыз мектебінің құрылысы екі жылға кешікті. Мұнда жұмысты уақтылы атқармаған атыраулық «Алау-құрылыс» ЖШС жосықсыз деп танылып, компанияға айыппұл салынды. Ақыры «Альтаир» ЖШС ақсап қалған құрылысты аяқтап шықты. Өткен жылы көктемде суға кеткен Шалғын елді мекенінде мектеп құрылысын дұрыс жүргізбеген «Жиенбай» ЖШС-ға да айыппұл салынып, сот шешімімен 160 млн теңге өндірілетін болды. Қазіргі кезде компания БҚО құрылыс басқармасына қарыздар болып отыр. Сол секілді осы мердігер салып жатқан Алма Оразбаева атындағы мектептің құрылысына үш жылдан аса уақыт өтті. Мұның кешеуілдеуінің тағы бір себебі, бастапқыда жобалық-сметалық құжаттамада көлік шығындары қарастырылмаған. Яғни нысан аудан орталығында салынып жатқандықтан, материал Казталовтан тасылады деп есептелінген. Шын мәнісінде құрылыс материалдарын Орал қаласынан тасымалдап отырған мердігер ұйым құрылыс басқармасын сотқа берді. 2021 жылы құрылыс материалдары қымбаттап кеткендіктен, бұл жобаға түзетулер енгізілді. Қарапайым мысал, бір дана кірпіш тастың құны 64 теңгеден 80 теңгеге бір-ақ көтерілді. Сонда бұрын мердігер тасқа 15 млн теңге жұмсаса, енді 21-22 млн теңгеге шығып, шығынға батты.
– Мектептер құрылысының уақтылы бітпеуі оқушылар мен мұғалімдерге оңай тимейді. Аудан, ауылды айтпағанда, Орал қаласында дарынды балаларға арналған №8 мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушылары бақандай төрт жыл бойы басқа ғимараттарда білім алуға мәжбүр болып келеді. Бұл ата-аналардың ренішін туындатып отыр. Ал №31 мектеп таратылып, балалар №23 және Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясына қабылданды. Осы екі мектепке байланысты не айтасыз?
– Қаладағы №8 мектеп-лицейді күрделі жөндеуді «Градстройсервис» ЖШС қолға алғанымен, жұмысын жүргізбеді. Бұл компания республика бойынша 200-ден астам тендерді жеңіп алған екен. Мектеп ғимаратын ашып қараған кезде бұл нысан күрделі жөндеуге келмейтін болып шықты. Сондықтан сол орынға ғимаратты қайта салу үшін техникалық тексеру жұмыстары жүргізілді. Биыл жобалық-сметалық құжаттама жасақтау үшін конкурс ойнатылып, жобалаушы мекеме анықталады.
Ал №31 мектепке қатысты айтарым, апатты жағдайда болғандықтан, ғимарат 2020 жылы бұзылды. Жеке инвестор ретінде «Қазхолл» ЖШС құрылыс салуды қолға алғанымен, жұмысын орындамағандықтан, жер телімі қайтарылып алынды. Қазақстан Оқу-ағарту министрлігімен алдын ала келісім бойынша Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен осы мектепті 2024 жылы салу көзделіп отыр.
– Облыстың жеті ауданында «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына салынып жатқан 15 шағын жинақты мектепке қысқаша тоқталып өтсеңіз...
– Күні бүгінге дейін Бәйтерек ауданы Жалын елді мекеніндегі 60 және Теректінің Пойма ауылында 108 орындық мектеп пайдалануға берілді. Бұл жердегі кілтипан, Бөрлі ауданында 108 орындық Жарсуат мектебін астаналық «Berg Inc» ЖШС салуға тиісті болғанымен, ол да міндеттемесін орындамай, жосықсыз деп танылды. Қайтадан мердігер ретінде «Қалдығайты» ЖШС анықталып, мектеп құрылысы келесі жылы бітетін болды. Қалған 12 шағын жинақты мектеп алдағы қараша, желтоқсан айларында іске қосылады.
– «Жайлы мектеп» жобасы мектеп құрылыстарына қаншалықты тың серпін береді деп ойлайсыз?
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы мектеп құрылыстарына тың серпін беруімен қатар, білім саласының да тынысын кеңейтеріне сенемін. Өйткені Орал қаласының өзінде мектеп салуды қажет етер жерлер баршылық. Мысалы, Медколледж ауданында 600 орындық мектеп салынса, Құс фабрикасы ауылында тұратын оқушылар басқа білім ордаларына автобустармен тасымалданып, білім алмас еді. Сондай-ақ Зачаган кентінде «Балауса» шағынауданы мен Деркөл кентінде әрқайсысы 1 500 орындық мектеп бой көтермекші. «Ақжайық» шағынауданында 11 көпқабатты үй салынып жатыр, келесі жылы тағы 6 үй тұрғызылмақшы. Сондықтан бұл жаңа ауданға 1 500 орындық мектеп керек. Қала халқы жыл санап өсуде, оның үстіне алдағы жылдары қай мектептің апатты деп таныларын алдын ала болжау қиын. Облыс орталығына жақын орналасқан, халқы тығыз Теректі ауданы Подстепный ауылында 1 200 орындық, Бәйтерек ауданы Достық ауылында 1 200 орындық, Трекинде 600 орындық мектеп ғимаратын салу қажет. Ақсай қаласының өзінде 300, Бөрлі ауданы Пугачев ауылында 300 орындық мектеп тұрғызылады. Қорыта айтқанда, күні бүгін 9 мектеп бойынша мердігер мекемелер анықталып, нысанды қоршау мен жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Жайлы білім ордаларын сыртқы инженерлік желілермен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттама дайындауға облыстық бюджеттен 298 млн теңге бөлінді. Қазіргі кезде 10 жоба бойынша жобалаушы ұйымдар анықталып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қалған 8 жоба бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Егер осы құрылыстардың бәрі кестеге сәйкес жүргіліп, сәтімен бітсе, үш ауысымдық және апатты мектептер мәселесін шешуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Тақырыпты Казталов аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева толықтырды.
«Мектептердің құрылысы мен күрделі жөнделуі ұзаққа созылса, ең алдымен оқушылар мен мұғалімдерге қиындық келтіреді. Мысалы, мердігер мекеме «Градстройсервис» ЖШС аудан орталығында Казталов мектеп-лицейін уақытында жөндеп бітіре алмады. Соның салдарынан мектеп-лицей оқушылары өткен жылы бес орында білім алды. Бұл ғимарат биыл ғана пайдалануға берілді. Сол секілді А.Оразбаева атындағы мектеп шәкірттері өткен жылы он, биыл бес жерде оқыды. Бір ғимараттан екіншісіне жету машақаты өз алдына, бұлай көшіп жүру білім сапасына кері әсер етті. Енді А.Оразбаева атындағы мектеп салынып бітсе, екінші тоқсанды жаңа орында бастамақпыз», - деді С.Жангереева.