ОРАЛ. KAZINFORM – Сырым ауданы прокуратурасының тексеруі нәтижесінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бұрынғы басшысының жол құрылысы кезінде заңбұзушылықтарға жол бергені анықталды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұрынғы бөлім басшысы қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, заңсыз әрекеттерге барған. Тергеу барысында соның салдарынан мемлекетке 56 млн астам теңге көлемінде залал келтірілгені дәлелденді.
– Сырым аудандық соты бұрынғы бөлім басшысын кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жүргізушілік құқығынан айырылса да, рульге отырған мұғалім әйелге айыппұл салынғанын жазған едік.
Сондай-ақ Қазақстанда алғаш рет жазаның жаңа түрі БҚО-да қолданылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).