ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсаловтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, Казталов және Бәйтерек аудандары әкімдіктері, көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, мемлекеттік кірістер, қазынашылық департаменттерінің мемлекеттік қызметшілері автокөлік руліне масаң күйде отырған.
Департамент басшысының сөзіне қарағанда, сондай-ақ облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау, агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекцияларының қызметшілері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшкені және қоғамдық орындарға масаң күйде келгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сол секілді Теректі ауданы әкімі аппаратының қызметшісі ұсақ бұзақылық жасағаны үшін сот органдарымен әкімшілік жазаға ілікті.
Оған қоса облыстық мемлекеттік кірістер, қазынашылық департаменттерінің қызметшілері қоршаған ортаны сақтауға және ластамауға қатысты талаптарды сақтамай, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластағаны, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін әкімшілік жазасыз қалмады. Ал Бәйтерек, Бөрлі, Сырым, Шыңғырлау аудандары және Орал қаласы әкімдіктерінің лауазымды тұлғалары мен қызметшілері бейәдеп мінез-құлық көрсеткен.
Осы деректер бойынша кінәлі тұлғалар тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылды, дербес жағдайларда тәртіптік істер әдеп жөніндегі кеңестің отырыстарында қаралды.
М.Байсаловтың айтуынша, өңірдегі әдеп жөніндегі кеңесте тоғыз айда 30 мәселе қаралса, соның 24-і немесе 80 пайызы заңбұзушылықтың алдын алуға арналды.
Департамент мәліметі бойынша облыста бақылау шаралары нәтижесінде мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзуға қатысты 1 690 дерек анықталды. Мемлекеттік органдар көбінесе мемлекеттік қызметшілердің іссапарға бару (590), еңбек демалысына шығу (269), бағалау жүргізу (249) және лауазымдық нұсқаулықтарын жасау және бекіту тәртібін (237) сақтамайды. Аталған жайт Ақжайық, Бәйтерек, Жәнібек, Тасқала, Теректі аудандары және Орал қаласы әкімдіктерінде, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметінде болған.
«Меритократия қағидатын және конкурс рәсімдерін заңнаманың талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді талдау жүргізу тәжірибесі енгізілді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметке түсу тәртібін және оның ашықтығын қатаң бақылауға алуға мүмкіндік берді. Осылайша, департамент қызметкерлері жыл басынан бері 18 конкурсқа байқаушы ретінде қатысып, заңнаманың 93 бұзушылығын анықтады. 26 лауазымды қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 3 конкурстық комиссия шешімдерінің күші жойылып, конкурстар қайта өткізілді», - деді М.Байсалов.