БҚО-да мердігерге 2 млн. теңгені заңсыз төлеген ауыл әкімі сотталды
17:00, 21 Желтоқсан 2016
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңақала аудандық сотының 2016 жылғы 18 қарашадағы үкімімен Жаңақала ауылдық округінің әкімі Елжас Танзенов ҚР ҚК 361-бабы 2-бөлімі (қызмет бабын теріс пайдалану), 369-бабы 2-бөліміне (қызметтік жалғандық) сәйкес айыпты деп танылып, 58-баптың 2-бөлімі қолданыла отырып, оның екі жылға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша қаржының мақсатты жұмсалуын тексерген кезде биылғы қыркүйекте аталған лауазымды қызметкерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілген. Тендер қорытындысына сәйкес Жаңақала ауылдық округі әкімі аппараты атынан Е.Танзенов пен мердігер ұйым «СаянСтройСервис» ЖШС (С.Сертеков) арасында Жаңақала ауылындағы көп қабатты тұрғын үйлер алаңдарын абаттандыру жөнінде келісімге қол қойылған. Аудан прокуратурасы жұмыстың толық көлемде атқарылмағанын анықтады. Соған қарамастан, Е.Танзенов мердігермен толық есеп айырысып, мемлекетке 2 млн. астам теңге залал келтірген.