БҚО-да метрологиялық бақылау саласында 4,1 млн. астам теңге айыппұл салынды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өткен жылы метрологиялық бақылау саласында барлығы 56 іріктелген тексеру жүргізіліп, соның 21-і бойынша заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті БҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Жанахын Тығынбаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, заң бұзушыларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 419-бабына сәйкес 4,1 млн. астам теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар департамент БҚО ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып, 101 мемлекеттік мекемеде мемлекеттік рәміздердің ҚР ұлттық стандарты талаптарына сәйкестілігін тексерді. Соның нәтижесінде 50-ден астам мекемеде талаптың сақталмағаны белгілі болды. Бұл негізінен мемлекеттік Тудың түсі оңып кетуіне байланысты.

Департамент басшысының мәлім еткеніндей, 2017 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» ҚР Заңының 13-бабына сәйкес зергерлік және басқа да бұйымдарды сынамалау таңбасынсыз, сондай-ақ атаулы таңба бедерінсіз ел аумағына өткізуге жол берілмейді. Қабылданған норма бойынша тауарды алдын ала сараптамадан өткізбей сатуға тыйым салынады. Аталған талап орындалмаған жағдайда жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік нысандарына 80 АЕК, орта кәсіпкерлік нысандарына 100 АЕК, ірі кәсіпкерлік нысандарына 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ асыл тастарды, зергерлік және басқа да бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және елден әкету кезінде заңнама бұзылған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 297-1-бабымен 30 АЕК-тен бастап 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу қарастырылған.