ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында мұғалімді жұмысқа қабылдау үшін пара алған мектеп директорына үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Теректі аудандық соты пара алған мектеп директорына ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігіне сәйкес үкім шығарды. Сотталушыға параның 30 еселенген мөлшерінде, яғни 9 млн теңге айыппұл салынды.
Сонымен қатар ол өмір бойына мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айырылды.
Сот талқысында мәлім болғанындай, мектеп директоры педагогты жұмысқа қабылдау үшін пара талап еткен. Алайда ол қылмыстық іс-әрекетін аяғына дейін жеткізе алмады. Пара беруші әйел тиісті органдарға жүгініп, мектеп директоры қылмыс үстінде ұсталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).