Жиында БҚО әкімінің орынбасары Игорь Стексовтің атап өткеніндей, Батыс Қазақстанда ұлттық кластер аясында мұнайгаз саласында машина жасау кіші кластерін дамыту басым бағытқа ие болып отыр. Кіші кластерді қалыптастыру консорциум аясында кооперация тәжірибесін тереңдетуге, жаңа ғылым мен технология жетістіктерін алмасуға септесуге, жаңа өндіріс орындарын ашып, кіші кластерге кіретін барлық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Облыста мұнай бен газ өндіру және барлаумен сегіз компания айналысады. Өнеркәсіп өнімдерінің 90 пайыздайы кен өндіру өнеркәсібінің үлесіне тиеді. Бұл ретте «ҚПО б.в.» мен «Жайықмұнай» ЖШС негізгі өндірушілер болып табылады. Былайша айтқанда, Қарашығанақ, Чинарев және басқа кеніштерді игеру жобалары облыстың мұнайгаз саласындағы машина жасауды дамытуға елеулі әсерін тигізе алады.
Форум аясында облыстағы машина жасау компаниялары, ірі және орта кәсіпорындардың, құрылыс индустриясының, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының өнімдері көрмесі ұйымдастырылды.
Жиында «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Артур Досқалиевтің мәлім еткеніндей, аталмыш компания өңірдегі машина жасау кіші кластерінің басқарушы комитеті болып табылады. Яғни ол кіші кластерге кіретін машина жасаушыларды, ғылыми-зерттеу институттарын, ЖОО-ларды, мұнайгаз өндірумен айналысатын «ҚПО б.в.», «Жайықмұнай» компанияларының жұмыстарын үйлестіріп, кластерді дамытуға бағыттайды. Соңғы кездегі жағдайлар машина жасау саласының мұнай бағасының өзгеруінен жоғары көрсеткіштерге ие болатынын айқындап отыр. Мұнай бағасы төмендеген кезде импорттық емес, жергілікті өнімдерге басымдық беріледі. Өңірде он машина жасау зауыты негізінен машина жабдықтарын жөндеумен, орнатумен (машина жасау саласы өнімдерінің 46 пайызын құрайды), машина жасаумен (19,3 пайыз), электртехникалық бұйымдар өндірумен (15,5 пайыз), мұнайгаз саласына жабдықтар шығарумен (15,5 пайыз), көлік құралдарын (4 пайыздан төмен) шығарумен айналысады. Бұл саладағы жергілікті мазмұн 85 пайыздан асады.
Жиында инновация енгізуге байланысты талдау жасалып, пікірлер айтылды. Оны енгізу қомақты қаржыны қажет етеді. Алайда оны қолға алмай, тағы болмайды. Негізгі өндірістік құралдардың ескіруі қолбайлау болатыны анық. Былайша айтқанда, технологиялық жағынан дамымай, уақыттан қалыс қалу бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Сондай-ақ машина жасаушылардан ASME, IPI, ASNI сынды жоғары стандарттар талап етіледі, әзірге өңірдегі еш кәсіпорында мұндай стандарттар енгізілмеген. Мемлекет тарапынан машина жасаушыларға нақты қолдау шаралары қарастырылмаған. Жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан тапсырыстар аз. Сала кәсіпорындары арасындағы кооперацияның болмауы да кедергі келтіреді. Сондықтан жиында ірі тапсырыс беруші саналатын «ҚПО б.в.» компаниясына жергілікті машина жасаушылармен байланысты нығайту бағытында ұсыныстар айтылды.
«Машзауыт» консорциумының жетекшісі Көшербай Айғожаұлы ғылым мен бизнесті, өндірісті берік байланыстырып, жұмысты жандандыру, мамандарды даярлау жайын сөз етсе, Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Темірлан Алтаев кластерді дамыту мәселелеріне тоқталды. Ең бастысы, кластерді дамыту аясында жаңа іскерлік қарым-қатынастар орната білу керек.
Форум соңында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Орал» ӘКК» ҰК" АҚ арасында мұнайгаз кластерін дамыту, оған қатысты машина жасау саласын дамыту, жергілікті сатып алуды ұлғайту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар форумға қатысушылар оралдық зауыттардың тыныс-тіршілігімен танысты.