Батыс Қазақстан облысында мұздаққа байланысты республикалық жолда шектеу қойылды, деп хабарлайды Kazinform.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша 18 желтоқсан күні сағат 18.30-дан бастап Ақтөбе облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар Самара-Шымкент жолында (393-526 км, Жымпиты ауылынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін) жүк және қоғамдық көліктер үшін шектеу қойылды. Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялады.
Қазіргі кезде өңірде ауа райы тұрақсыз болып тұр.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне қарағанда, сонымен қатар 19 желтоқсан күні Батыс Қазақстан облысының батыс, оңтүстігі мен шығысында бұрқасын көтеріліп, көктайғақ болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғын үйдегі өрт салдарынан 42 жастағы ер адамның көз жұмғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).