ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 1 наурыздан бері 457 адамнан коронавирус анықталды. Бұл туралы БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен облыстық жедел штабтың кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, індет жұқтырғандардың 39,6 пайызы ЖРВИ белгілері бойынша қаралған кезде белгілі болды.
Сондай-ақ 39,4 пайызы - бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар. Яғни үй ошағында оқшаулану тәртібі сақталмағандықтан, ковид кемі үш-төрт адамға жұғады.
Наурызда КВИ жұқтырғандармен байланыста болған 1075 адам медициналық бақылауға алынды.
Індет жұқтырғандардың 37,4 пайызы - жұмыс істейтіндер, 21,2 пайызы - зейнеткерлер, 17,3 пайызы - жұмыссыздар, 10,7 пайызы - оқушылар.
Оқу жылы басталғалы барлығы 522, үшінші тоқсанда, 11 қаңтардан бері 307 оқушыдан індет шықты. 23 ақпан мен 8 наурыз аралығында 16 мектептегі 25 сынып карантинге жабылды.
«Алда Көрісу күні, содан кейін Наурыз мейрамы келе жатыр. Сондықтан осы мерекелер кезінде ең алдымен сақтықты ұмытпай, іс-шараларды онлайн өткізу керек», деді Н.Мұстаев.
Осыған орай өңір басшысы Ғ.Есқалиев мониторингтік топтар жұмысын күшейтуді тапсырды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).