ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, 3 маусым күні өңірдің кей жерлерінде найзағай ойнап, батыстан, солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласында желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетпек.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында тиісті шаралар алынуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын мамыр айының соңғы күндері ауа райының бұзылатыны жөнінде ескерту жарияланғанын жазған болатынбыз.
Кеше де, 2 маусым күні түнде өңірдің кей жерлерінде топырақ бетіндегі температура 0-2 градусқа дейін суытатыны жөнінде ескерту жарияланды.
Жалпы, соңғы күндері күн салқындап, желді болып тұр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).