Сала қызметкерлерін төл мерекелерімен өңір басшысы Алтай Көлгіновтің атынан құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстанда құрылыс қарқынды жүргізіліп келеді. Соның ішінде тұрғын үйлер көптеп салынып, ел игілігіне берілуде. Бір ғана 2016 жылы барлық қаржы көздері есебінен 275 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерді, бұл алдыңғы жылғыдан 5,2 пайызға артық. Жаңа үйлерге қоныстанушылар саны биыл да аз болмасы анық. Сонымен қатар Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында әлеуметтік нысандар салынуда. Соның ішінде өңірде жеті бірдей білім нысаны құрылысы жүріп жатса, соның бесеуі биыл тапсырылмақ.
Денсаулық сақтау саласында Бөрлі ауданының Кеңтүбек, Успенов ауылдарында фельдшерлік-амбулаториялық пункттер, сондай-ақ Теректі ауданы Подстепный ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2017 жылы мәреге жетпек. Сондай-ақ он ауданда 25 сумен қамту нысаны салынып бітіп, бұл жұмыс алдағы жылы жалғасады.
Автожолдарды жөндеуге де жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. Өткен жылы 145 шақырым жергілікті жол жөнделсе, биыл тағы 126 шақырымы реттелмек. 2016 жылы 96 шақырым республикалық жол жөнделсе, биыл 209 шақырымы қалпына келтірілмек. Мұндай кең көлемді жұмыстарға құрылысшылардың қосып отырған үлесі мол.
Жиын барысында құрылыс саласының үздіктері марапатталды. Атап айтқанда, «KazConstructionGroup» ЖШС бас директорының орынбасары Орынғали Жұмағалиев, «Юнисерв» компаниясы құрылыс басқармасының бастығы Павел Лоскутов, «ПМК-117» ЖШС-ның учаске бастығы Александр Новиков, жеке кәсіпкер Тарас Сәрсенов, «Домостроитель» өндірістік комбинатының жұмыс өндірушісі Николай Синельниковке «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Сергей Батинге «Қазақстанның құрметті жолшысы» төсбелгісі мен куәлігі тапсырылса, жиырма құрылысшыға облыс әкімінің алғысхаты табыс етілді.