БҚО-да «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес құрылысқа 11 млрд. теңге қаралып отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылысқа барлық қаржыландыру көздерінен (Ұлттық қордан - 9,5 млрд., республикалық бюджеттен - 300 млн., жергілікті қазынадан - 1,2 млрд. ) 11 млрд. астам теңге қаралып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, соның 9 млрд. теңгесі тұрғын үй құрылысына, 2 млрд. теңге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға бөлінді. Биыл 280 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда, бұл өткен жылғыдан 3,5 пайызға көп болмақ.

«Нұрлы жер» аясында Оралда 8 көп қабатты, Ақсай қаласында 1 көп қабатты (жалпы 1345 пәтер), 12 ауданның жетеуінде 178 тұрғын үй (240 пәтер) бой көтермек. Сонда барлығы 1585 отбасы баспаналы болмақ. Сонымен қатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 14 нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Биыл тоғыз ауданда инженерлік желілер тартылған 3252 жер телімі жеке тұрғын үй салу үшін кезекте тұрғандарға беріледі. Оған қоса Орал қаласы аумағында жеке шаруа қожалығынан ақпан айында 200 га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жер телімдері де инженерлік желі тартылған соң кезекте тұрғандарға беріледі.

Айта кетейік, облыс бойынша үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 22 мыңнан асты. Соның ішінде Орал қаласында бұдан төрт жыл 13 мың адам кезекте тұрса, қазір 19 мыңға жетті. Өңірде жер кезегінде тұрғандар саны 97 мың, ал тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының саны 40 мың болып отыр.