ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 2,5 млрд. теңгеге тоғыз жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың сөзіне қарағанда, өңірдің Ақжайық, Бөрлі, Зеленов және Сырым аудандарында 28,8 км жылу және 185,7 км сумен қамту желілері қайта құрылмақ. Осы жобалар мәреге жеткен кезде 12 мыңнан астам адам тұратын 8 елді мекен сапалы ауыз сумен және Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында 15 мыңнан астам тұрғын жылумен қамтамасыз етілмек.
«Күні бүгін барлық нысандар бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды. Енді мердігер компаниялар іске кірісетін болады», деді Б.Азбаев.
Айта кетейік, Елбасы бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).