Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында мәлімет берген «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының басшысы Айгүл Наурызалиеваның айтуынша, өткен жылдың 17 қазанында БҚО әкімдігі мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Аталған бағдарлама аясында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ несиелік тұрғын үй құрылысын қолға алды. Бұл бағыт жергілікті атқарушы орган және «Бәйтерек Девелопмент» АҚ желісі арқылы жүзеге асырылмақ. Облыста биыл несиелік 7 тұрғын үй (985 пәтер) салынатын болса, соның төртеуі (481 пәтер) жергілікті атқарушы орган, қалған үшеуі (504 пәтер) «Бәйтерек Девелопмент» АҚ арқылы беріледі. Жергілікті атқарушы орган желісі арқылы бой көтеретін төрт тұрғын үйдің үшеуі Оралда, біреуі Ақсай қаласында салынбақ.
«Жергілікті атқарушы орган желісі арқылы салынған несиелік тұрғын үйлердің 50 пайыздан кем емес бөлігі кезекте тұрған әрі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшылары болып табылатын тұрғындар арасында бөлінеді. Бағдарлама шартына сәйкес облыс әкімдігі тоқсан сайын банкке кезекте тұрған азаматтардың тізімін жолдайды. Әйтсе де тізімдегі ақпараттар толық емес болып шығып жатады. Сондықтан кезекте тұрған азаматтардың өздері тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне жолығуы керек. Жергілікті атқарушы орган тізімінде кезекте тұрғандарды таңдау тәртібі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның балдық жүйесі арқылы анықталады және тұрғын үй нысандары, салымшылардың пулға өтініш беру жолымен, яғни дауыс берудің қорытындысынан кейін келісіледі. Банк барлық жергілікті атқарушы орган тізімінде кезекте тұрған азаматтарға, тұрғын үй құрылыс жинақ туралы келісім-шартты комиссиялық алымсыз жасайды. Ал «Бәйтерек Девелопмент» АҚ арқылы несиеге берілетін тұрғын үйлер түгелдей банк салымшылары арасында бөлінеді. Жоба банктің орталық аппаратындағы тұрғын үй комиссиясының шешімімен таңдалады», деді А.Наурызалиева.