ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жасөспірімдер арасындағы суицид азаймай тұр. Кезекті қайғылы оқиға Ақжайық ауданындағы орта мектептердің бірінде болған.
Оқушы қыз сауалнамада суицидке бару ықтималдылығын көрсеткен. Алайда мектеп психологы бұл деректі директорға жеткізбеген.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы оқиғаға байланысты білім беру мекемесінің жауапты қызметкерлерінің іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі.
– Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайын толық және объективті түрде анықтау мақсатында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мақсатында басқа ақпарат жариялауға жатпайды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір оқушының екіншісіне пышақ сұғып алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).