ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңақала ауданында оқушылардың көлікпен аударылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, 20 сәуір күні 11-сынып оқушысы «Лада Ларгус» автокөлігін айдап кетіп, аударылып қалған еді. Автокөлікте өзімен бірге бес сыныптасы болған. Өкінішке қарай, оқиға соңы қайғылы аяқталды. Көліктің ішінде болған 17 жастағы оқушы қыз кейін, 25 сәуір күні ауруханада көз жұмды. Осылайша қызғалдақ теремін деп барған 11-сынып оқушысы қыршын кетті.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Атап айтқанда, ҚР ҚК 200-бабы (автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз заңсыз иелену) және 345-бабына (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).