ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов ауданы Қараоба ауылындағы Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясында алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болған Айдос Ғабдолкәрімов ҚР ҚК 106-бабы 2-бөлімі 11-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтеуге сотталды. Бұл туралы бүгін үкімді БҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Тельман Ибрашев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Үкімге сәйкес бұрын кепілдікпен жүрген А.Ғабдолкәрімов сот залында тұтқындалды.
Сот талқысында белгілі болғанындай, 2016 жылғы 4 қазан күні А.Ғабдолкәрімов кешкі сағат 21.00 шамасында спорт алаңында ауыл жастарымен футбол ойнаған. Ойын барысында ол аталмыш мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Еділ Мақсотовтың сол жерге мас күйінде келіп, оқиғаның туындауына себепші болған тарих пәнінің мұғалімі Рауан Қадешевке балағат сөздер айтып, алаңнан кетіп бара жатқанын байқаған.
Сол жерде А.Ғабдолкәрімов «Сен неге мектеп мұғалімін балағат сөздермен боқтайсың?!», деп Е.Мақсотовтың бетінен ұрған. Е.Мақсотов жерге құлап бара жатқан кезде екі бұтының ортасынан қасақана тепкен. Кейін 12 қазан күні БҚО көп бейінді балалар ауруханасына ауыр халде түскен Е.Мақсотовқа ота жасалып, соққы салдарынан езіліп кеткен оң жақ ені алынып тасталған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Сотталушының адвокаты Назгүл Кенжебаева қылмыстың абайсызда орын алғандығын, 2 млн теңге материалдық және моральдық залалдың орны толтырылғанын алға тартып, апелляциялық шағым беретіндіктерін жария етті.
Еске сала кетейік, аталған оқиғадан кейін екі мұғалім де жұмыстарынан шығып кеткен болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).